Планетамыздағы ең қуатты деген 10 суперкомпьютер

Суперкомпьютерлерді сандық модельдеу қолдануға болатын кез-келген есептерде пайдаланылады. Біз білетіндей мұндай есептерде өте үлкен көлемді мәліметтерді өңдеу және есептеу қажет. Суперкомпьютерлер есептеулер уақытын тежеп, ғалымдарға көптеген пайдалы мәліметтерді табуға көмектеседі.

1970-80 жылдардағы суперкомпьютерлер тек бір ғана компьютерден тұрған болса, қазіргі заманауи суперкомпьютерлер бір-біріне өте жылдам каналдар арқылы қосылған жүздеген/мыңдаған серверлерден тұрады. Оларға тиімді жұмыс жасауы үшін арнайы операциялық жүйелер (көбінесе, Linux-тың арнайы өзгертілген түрлері) және арнайы параллельді есептеулер жасай алатын арнайы бағдарламалар пайдаланылады.

Планетамыздағы ең мықты суперкомпьютерлер тізімі жылына екі рет (маусымда және қарашада) жаңартылады және www.top500.org сайтында жарияланады. Ең соңғы маусым айындағы жаңартылу 43-і жаңартылу болды.

1. Tianhe-2 (Қытай)
Планетадағы ең қуатты суперкомпьютер Tianhe-2, аудармасы "Құс жолы" дегенді білдіреді. Компьютер Чанша қаласындағы, қорғаныс ғылыми-техникалық университетінде орналасқан, Inspur компаниясының туындысы. Өнімділігі — 33,86 PFLOPS, энергия тұтынуы — 17,81 МВт. Осындай жоғары өнімділікке жету үшін 3,12 млн есептеу ядролары қажет болған.

Tianhe-2 архитектурасы гибридті — яғни, 12 ядролы Intel Xeon E5-2692 орталық процессорларымен қатар 57 ядролы Intel Xeon Phi 31S1P қосымша процессорлары бар. Оперативті жадысы жалпы 1 Пбайт.


2. Titan (АҚШ)
Американдық суперкомпьютер, өнімділігі — 17,59 PFLOPS, энергия тұтынуы 8,21 МВт, Cray Inc. компаниясының туындысы.Окридж ұлттық лабороториясында орнатылған. Titan 16 ядролы AMD Opteron 6274 (жалпы ядролар саны 0,56 млн. дана) орталық процессорлары және NVIDIA Tesla K20X жылдамдатқыштарынан тұрады. Оперативті жадысы 0,7 Пбайт. 2013 жылдың маусым айында Tianhe-2 іске қосылғанға дейін бірінші орында болды.


3. Sequoia (АҚШ)
Өнімділігі — 17,17 PFLOPS, энергия тұтынуы — 7,89 МВ. IBM компаниясы Ливермор ұлттық лабороториясының тапсырысы бойынша құрған. IBM компаниясының 16-ядролы Power BQC процессорлары пайдаланылады. Tianhe-2 және Titan-нан негізгі ерекшелігі ешқандай қосымша процессорлар пайдаланылмайды. Оперативті жад жағынан бірінші орын алады — 1,57 Пбайт. 2012 жылға дейін бірінші орында болған.


4. K computer (Жапония)
Тағы бір экс-чемпион — Жапонияның K computer (10,51 PFLOPS; 0,7 млн. ядро; 1,4 Пбайт ОЗУ) суперкомпьютері, 2011 жылы біріншілікті ұстап тұрды. Суперкомпьютерді Кобе қаласындағы физика-химиялық зерттеулер институтына Fujitsu компаниясы құрған.


5. Mira (АҚШ)
Аргон ұлттық лабороториясының тапсырмасы бойынша IBM компаниясы құрған, архитектурасы жағынан Sequoia-ға ұқсас. Өнімділігі — 8,59 PFLOPS (786 мың. процессорлық ядро), энергия тұтынуы – 3,94 МВт.


6. Piz Daint (Швейцария)
Еуропадағы ең қуатты есептеу жүйесі. Cray Inc компаниясы жасаған. Швейцария ұлттық суперкомпьютерлер орталығында орналасқан. Intel процессорлары мен NVIDIA видеокарталары пайдаланылады.


7. Stampede (АҚШ)
Бұл компьютер Dell компаниясының туындысы. Dell компаниясы өзінің ноутбуктарымен және үстел компьютерлерімен жақсы таныс. Бірақ олар серверлер мен суперкомпьютерлерді құрумен де айналысады. Техас алдыңғы қатарлы компьтерлер орталығында орналасқан.Өнімділігі — 5,17 PFLOPS.


8-9. JUQUEEN (Германия) және Vulcan (АҚШ)
JUQUEEN (Германия) және Vulcan (АҚШ) IBM компаниясының кезекті туындылары. Олар сәйкесінше Юлих (Германия) зерттеу орталығында және Ливермор ұлттық лабороториясында (АҚШ) орналасқан.

10. Аты жоқ Cray XC30 (АҚШ)
Жаңартылған рейтингтегі жалғыз жаңа компьютер, әлі ат қойылмаған осы компьютер болды. Өнімділігі — 3,14 PFLOPS. АҚШ үкіметінің тапсырысымен жасалынған.


Қорытынды

Суперкомпьютерлер тек қана үлкен көлемді мәліметтерді анализдеуде ғана емес, әр түрлі құбылыстарды модельдеуде пайдаланылады. Сондықтан, олар экономикалық, физикалық, химиялық, биологиялық есептеулерде таптырмас құрал.

Сонымен қатар, суперкомпьютерлер мемелекеттік мақтанышқа жатады. Мысалы, АҚШ-та TOP500 рейтингіне кіретін 232 компьютері орналасқан (бір жыл алдын 252 еді), Қытайда -76 (алдын 66 еді), Ұлыбританияда және Жапонияда — 30-дан.

Қосымша мәлімет

FLOPS — жүйенің бір секунд ішінде қанша операция орындайтындығын көрсететін өлшем бірлік.

1 PFLOPS (петафлопс) = 1015 FLOPS

  • +2
2 пікір
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.