IT TALKS #1. Ерлан Қамыров: Біздің потенциалымыз тек ТМД мемлекеттерімен шектелмейді
print «Hello World!»
Құрметті достар! Біздің бүгінгі IT TALKS сұхбатымыздың қонағы — белгілі IT маманы Ерлан Қамыров. Сіздермен пернетақта алдында мен Садық "Қарасақал" Шерімбек.
— Ерлан, бүгінгі сұхбатымызға қош келдің! Өзің жайлы айта кетсең!
— Рахмет, Садық! Толық есімім — Қамыров Ерлан Ерманұлы. Мен Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайын ауданы, Қызыл-Жұлдыз ауылында 1989 жылы сәуірдің 9-шы жұлдызында дүниеге келдім. Қазіргі таңда ARTA Software компаниясында Білімді жинақтау орталығының басшысы болып қызмет атқарамын.
— Ең алғаш рет IT саласына қашан қадамыңды бастың?
— Ең алғаш рет компьютер біздің ауылымызға 2001-2002 жылдары келген еді, сол кезден бастап кірдім десен болады. Себебі сол кезден компьютерге қызығып, информатика мұғалімінің барлық қойған тапсырмаларын орындап жүрдім (көбінесе құжат теру). Кейін темір-тесекті баптауды уйрене бастадым. Қаладағы мектепке көшкеннен кейін HTML және Visual Basic туралы кішкене білдім. Бірақ үйрететін адам болмаған соң өзімше үйренуге тура келді. Мектепті аяқтаған соң, барлық болашағымды IT саласымен байланыстырғандықтан, Еуразия Ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетіне түстім. Бұл жерден бастап бұл салаға кәсіби түрде қадамым басталды десе де болады.
— Linux маманы ретінде көпшілікке аталмыш амалдық жүйенің басты артықшылықтарынан қай тұстарын айта аласың? Не үшін қолданушылар бұл амалдық жүйені қолдануы тиімді деп ойлайсың?
— Өзімді Linux маманы ретінде санамаймын. Менің білетінім 9 білмейтінім 99. Бірақ, алдыма қойылған мәселелерді шешу қажеттілігі туғанда, қажетті нәрсені тез ұғатын әдетім бар. Linux амалдық жүйесінің басқа амалдық жүйелерге қарағанда артықшылықтары да кемшіліктері де көп. Әр адам өзінше қорытынды жасайды деген ойдамын. Бірақ, сонда да саған шағын бірнеше артықшылығын тізіп берейін.
- Тегін. Сатып алудың қажеті жоқ.
- Икемділік. Амалдық жүйені өзіне ұнайтындай баптай алу мүмкіндігі.
- Вирусқа төзімділік. Бұл амалдық жүйеге жазылған вирустардың саны өте аз.
- Тұлғаның дамуына мүмкіндік. Linux амалдық жүйесінде кейде бір қарапайым істі жасау үшін басыңды қатыру керек. Бір жағынан бұл қасиетті кейбіреулері кемшілік ретінде қарауы мүмкін, бірақ мен керісінше артықшылық ретінде қабылдаймын.
— Қазір Open Source және Commercial бағдарламалардың текетіресі ғой. Өткенде 10 жыл бойы Linux қолданған Мюнхен әкімшілігі қайтадан Windows амалдық жүйесіне ауысып жатқанын білеміз. Бірақ, материалдық жағынан келгенде Commerce жобалар көп жағдайда ұтып жатады. Open Source идеясын ары қарай дамыту үшін дамытушы ұжымдарды тұрақты ұстап тұрудың энтузиазмнан басқа да қандай жолдарын айтар едің?
— Оpen Source идеясын дамытудың мен білетін бір әдісі ол — оны қаржыландыру. Иә, айтып отырған ойымның Open Source идеясына кішкене қайшы тұстары бар. Бірақ, бұл тәжірибе қазір үлкен серпінмен даму үстінде. Қазір көптеген компаниялар осындай дамытушы ұжымдарға қаржылай қолдау көрсетіп, олардың ары қарай дамуына үлес қосу үстінде. Одан бөлек қарапайым қолданушылар да donate арқылы рахметтерін айтып жатады.
— Қазақстанда жергілікті халыққа толықтай ыңғайластырылған Linux дистрибутиві қажет деп ойлайсың ба? Егер сондай жасалынатын болса, бұл тұрғыдан тәжірибесі мол маман ретінде қандай факторларға аса мән беретін едің?
— Иә, бізге бұл қажет деп ойлаймын. Біздің компаниямыздың өзінің жасаған дистрибутиві бар. Оны өзім де қолданамын. Мен үшін өте ыңғайлы. Бірақ әзірге бұл жоба белгілі бір аз уақытқа дейін тоқтатылды. Оны болашақта жандандырамыз деген үмітім бар. Бұйырса оған өзім де ат салысуға тырысамын.
— Жалпы мамандықтың жаманы жоқ қой. Бірақ, IT саласы қазіргі уақытта дүниедегі ең мықты салалардың бірі екені даусыз. Осыны болашақ ізденушілерге насихаттау, кәсіби ориентация жағынан қандай ұсыныстар айта аласың?
— Жүрген жерімде айтатыным: — Балаңды, программистке жібер! Әлеуметтік желілерде және бірнеше өзім ат салысып жатқан жобаларда IT мамандығын ылғы насихаттап жүремін.
— IT саласындағы қыздардың рөлі қандай деп ойлайсың? Бізде мысалы, олар аз. Қарсы жыныстағы нәзік жандар үшін бұл саланы алып кету оңай деп ойлайсың ба? Жалпы, оларды көбейтудің қандай жолдары бар деп ойлайсың?
— Шынымды айтсам, мектепті бітіргеннен кейінгі уақытқа дейін мен бұл сала тек жігіттерге жарасады деп ойлағанмын. Университетке түскенде де тобымның басым бөлігі көзілдірік киген жігіттер болады деген оймен келгенмін. Бірақ, топтың 2/3 бөлігі қыздар болып шықты. Бұл статистика қазір де сақталып жүр. Бірақ, оқу аяқталғанша дейін көбі күйеуге кетіп, кейін бұл саладан басқа салаларға көшіп кетеді. Дегенмен, мен танитын бірнеше мықты программист қыздар бар. Олар қазір ең мықты деген жобаларда басты бағдарламалаушы қызметін атқаруда. Қыздарды көбейтуге ешқандай әрекет жасау қажет емес. Олар онсыз да көбеюде.
— Мысалы, көршілеріміз Украина, Беларусь елдері IT саласында аймақтағы ең мықты елдер. Бұл жөнінен Қазақстанның ақпараттық технологиялар әлеміндегі болашақ потенциалын қалай елестетесің?
— Потенциалымыз ақпараттық технологиялар жөнінде өте көп. Жан-жақты барымызды салып, жақсылап еңбектенсек үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Қазіргі таңда бірнеше Ресейлік компаниялармен IT серіктестік жөнінде келіссөздер жүргізудемін. Біздің жасап жатқан жүйемізді мақтап жатқандары мені қатты қуантады. Бір білетінім біздің потенциалымыз тек қана ТМД мемлекеттерімен шектелмейді.
— Өзің істеп жүрген бағытта болашақ мамандарға қандай оқулықтарды оқуды кеңес бересің?
— Өз басым кәсіби әдебиетті жақсы көремін. Ал, көркем әдебиеттен қашамын. Жігіттер мен қыздарға кеңес беретін кітаптің үшеуін айтып берейін. Соңғы екеуін жақын арада оқып болдым:
- Құран Кәрім
- Стивен Р. Кови. «Семь навыков высокоэффективных людей»
- Джош Кауфман. «Сам себе MBA»
— IT саласына қатысты көретін фильмдерің қандай?
Негізі, бұл салаға қатысты шыққан кинолардың барлығын қызығушылықпен қараймын, ең ұнағаны «Кадрлар» деген фильм.
— Алдағы жоспарларыңмен бөлісе отырсаң!
— Жоспарым, қазақ IT саласының дамуына өз септігімді одан да арттыру. Өзімнің жеке дамуымды тоқтатпау (барлық бағытта: спорт, білім, рухани білім, тілдер және т.б.). Болашақ әрекеттерімде де жоспарлар көп, бірақ оларды мен айтпай-ақ қояйын, кейін өздеріңіз көріп жатасыздар деген үміттемін. Сұрақтарың үшін рахмет, Садық! Көріскенше!
— Көріскенше Ерлан! Жұмыстарыңа, отбасыңа сәттілік! Cөз соңында айтарым:
01110010 01100001 01101000 01101101 01100101 01110100 00100000 01110011 01100001 01100111 01100001 01101110 00100000 01111001 01100101 01110010 01101100 01100001 01101110 00100001
Құрметті қауым сіздермен келесі сұхбаттарымызда IT TALKS жобасында жолыққанша қош сау болыңыздар!
P.S. Ұсыныстарыңыз бен тілектеріңізді астына жазуға рұхсат! Күтеміз!
sys.exit()
-
+12
Вощм былай:
Саған да рақмет, Садық, сұхбат үшін ))
Ерлан, алда қойған мақсаттар мен атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесімен қуанта беруіне тілектеспін!
Меннен бір сқрақ:
— Қазір нарықта жұмыс жасап жатқан, оған өзің де үлес қосқан жобалардан мысал жазып жібер. Мархабат!
Ерлан — біздің codeo-нің жанашыры!