Муәлік - біраз қуайық (ұран)
-
domalak
- JavaScript / 19 наурыз 2015, 20:28
- 1436

Осы жерде PR тақырыптар жариялауға бола ма білмедім, қайтсе де, айып етпеңіздер, көрейін.
Мен Javascript-пен сайт жасауды үйрену барысында бір нағыз қазақша бірдеңе жасайыншы деп ойладым. Яғни сайт таза қазақ тілінде болу керегі шарт. Ары ойлап, бері ойлап, әзілге арналған сайт жасауды ұйғардым. "Әзіл", "қазақша мемдер" деген сияқты сөздермен гуглдетіп көрдім, аса ештеңе табылмады. Мүмкін оқырмандар білсе, пікірлерінде сілтемелерді жазып жіберетін шығар, бірақ бір "әзіл орталығы" деп атағы шыққан сайт көрмедім, естімедім де. Білем, ВКонтакте сияқты желілерде қазақ(стан) әзіліне қатысты бір әйгілі топтар бар, қайтсе де, бірақ! Олар бөлек жеке сайт емес.
Қарсы алыңыздар! Муәлік (mualik.kz) — әзіліңді Бұлтқа сақта (тағы бір ұран)! Мен өзім үш қалжыңымды сол жаққа сақтап үлгердім.«Муәлік деген не?» деп сұрап жатыр кейбіреулер (шын айтқанда бәрі). Бұл сөз «анау-мынау», «базар-мазар», "қой-мой" сөздері сияқты құралған «куәлік-муәлік» қос сөзінен шыққан. Оның мағынасы… жоқ, бірақ сайттағы әр қалжыңның пішіні ҚР азаматының жеке куәлігі тәріздес болған соң сөйтіп атай салдым. Сонымен, төрлетіңіздер, көріңіздер, қалжыңдарыңызды қосыңыздар, басқалармен бөлісіңіздер, барлық үміт енді сіздерде!
Жаңа муәлік (сайттағы қалжың) жасау үшін міндетті түрде Муәлікте тіркелген болу керек. Сайтта тіркелуге, оған кіруге оңай болу үшін, әдепкі эпошта/пароль арқылы тіркелу/кіру тәсілінен басқа біздің елде аса танымал үш әлеуметтік желілердің біреуін қолдануға болады (OAuth API). Бұл жерде Facebook, ВКонтакте және Одноклассники туралы айтып отырмын. Және де сол желілерге муәліктермен оңай бөлісуге болады. Муәлік тек бір суреттен және тақырып немесе мәтіннен құралады. Иә, соншалықты қарапайым. Сайт өзі өте қарапайым. Бәрі қарапайым және оңай болғанымен, жаңа муәлік жарық көру үшін тексеруден өтеді. Жалаңаш адамдар, жаман сөздер болмасын деген оймен жасалған ғой, сондықтан жарияланғанша кішкене күте тұрыңыздар.
Қолданылған технологияларға келсек, сайт MEAN Stack-пен жасалған. Яғни клиент те (AngularJS), сервер де (NodeJS) таза Javascript. CSS фреймворк ретінде Bootstrap 3 қолданылған, бұл Муәліктің кез келген экранға бейімделгіш дизайны барын білдіреді. Сайттың дизайны туралы сөз қозғайтын болсақ, мен суретші емеспін, сондықтан стандартты элементтерді қолдандым, ал логотип тіпті жоқ (Малевичтің қара шаршысы). Кейін бәрі керемет болып жатса, дизайнын өзгертетін адам іздейтін шығармын. Дерекқор жүйесі — MongoDB, NoSQL әулетінің өкілі. Жалпы айтқанда, бәрі де қазір (кеше) ең сәнді болып саналатын (саналған) технологиялар.
Wakatime есебі бойынша жылдың басынан осы күнге дейін сайтты кодтауға 26 сағат кетіріппін. Жұмыстан, үй шаруасынан қол бос болған кезде жасап жүрген нәрсем ғой. Қолданған технологиялар туралы сұрақтарыңыз болса немесе тақырыптың кейбір жақтарын толығырақ білгіңіз келсе, төмендегі пікірлерге жазыңыздар, жауап беруге тырысамын. Соңына дейін оқыған үшін рахмет!
-
+2
Және де AngularJS модулінен басқа мына қосымша шешімдер қолданылады:
angular-bootstrap
angular-ui-router
angular-ui-utils
danialfarid-angular-file-upload
MongoDB-мен көп тәжірибем жоқ, білгенім мынау. Реляциялық дерекқордан басты айырмашылығы — алдын-ала құрылған кестелердің орнына құжат ұғымы қолданылады. Әр құжат бір жинаққа жатады. Мысалы, қолданушылар туралы деректер Users жинағында сақталу керек, әр қолданушы туралы ақпарат ол бір құжат. Алдын-ала жасалып қойылған деректер схемасы болмаған соң, құжаттың құрамы әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, басында қолданушының атын ғана сақтап жүріп, кейін енді туған күнін сақтайық деп шешкен кезде, жаңа құжаттарда туған күн пайда болады, бірақ ескі құжаттар туған күнсіз түк болмағандай жата береді. Керісінше, бір мағлұматты алып тастаған кезде де солай болады.