Javascript үстемдігі


Javascript тілінің қазіргі мүмкіншіліктері көп. Вебсайт жасау, смартфонға арналған бағдарламалар шығару, 3D ойындар жазу, тіпті микроконтроллерді басқару оның қолынан келеді. Компьютерлік ғылым жағынан қарағанда қарапайым және кемшіліктері көп JS қалайша Қайрат Нұртас сияқты танымал болып кетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін тарихқа жүгінейік.

Javascript-ті 1995 жылы Netscape компаниясының қызметкері Брендан Айк жасап шығарды. Сондағы компанияның мақсаты — өздерінің Netscape браузері Microsoft-тың Internet Explorer браузерінен озық болуы керек. Статикалық веб парақшаларға кішкене динамика қосу тұтынушылардың қызықшылығын арттыру керек болатын. Және де әуесқой программистерге оңай болу үшін тіл қарапайым болу керек еді.

Netscape дәл тапты — Javascript аз уақытта веб парақшаларға арналған скриптер жазу тілі ретінде кең тарады. Microsoft тілдің маңызын түсініп, кейін 1996 жылдың тамызында Internet Explorer-дің 3.0 нұсқасына Javascript қолдауын қосады.

Сөйтіп, 90-шы жылдардың соңында JS тордағы ең танымал клиент-жақ бағдарлама жазу тілі болып шықты. Бірақ оның мақсатты аудиториясы веб жазушылар және басқа да “әуесқойлар” болған соң, көптеген қәсіпқой программерлер Javascript-ті менсінбей жүрді. Әлі күнге дейін ондайлар бар.

2005 жылдың ақпанында Google компаниясы Google Maps өнімін әлемге ұсынды. Бұл жайт адамдар мекен-жайды қалай іздейтінін өзгертумен қатар JS-пен тығыз байланысты Ajax технологиясын ашты. Бұл технология сайтта жаңа мәлімет көрсету үшін бүкіл парақшаны жаңадан жүктемей, тек керекті ақпаратты серверден асинхронды түрде (яғни, сайтпен қолдануды тоқтатпай, фонды түрде) қабылдап, парақшаның кішкене бөлігін ғана жаңартуға мүмкіндік берді. Ғаламтор әлемінде бұл маңызды ілгері қадам болып саналды.

Сол жылы CouchDB дерекқор жүйесі пайда болды. Бұл жүйе ақпаратты JSON форматында (JS-тің “туған” форматы) сақтайды және оның индекстері мен көріністері Javascript функциялары арқылы анықталады. Яғни, JS веб әлеміне қоса дерекқорлар (дәл айтқанда NoSQL дерекқорлары) әлеміне енеді.

2006 жылы браузердің DOM элементтерімен жұмыс істеуді аса жеңілдететін jQuery жинағы дүниеге келді. Оның көмегімен қазір миллиондаған сайттар іске қосылып тұр.

2008 жылы Google әлемге Chrome браузерін көрсетеді. Chrome-ның басты ерекшеліктерінің бірі V8 деп аталған жылдам Javascript қозғалтқышы болды. Бұл қозғалтқыш Javascript баяу жұмыс істейді деген пікірді өзгертті және браузер жасайтын компанияларды бір-бірімен жылдамдық үшін жарысуға апарды. Оған қоса V8 бастапқы коды ашық болып жарияланды, яғни кез келген адам оны өз міндетіне қолдана алатын болды.

2009 жылы V8 қолданылып Node.js жасалды — жылдам және үлкен жүктемелерге шыдамды сервер платформасы. Осы жылдан бастап басында “әуесқой” деп аталған Javascript мамандары “кәсіпқойлардың” жұмысын өздеріне үйреншікті тіл арқылы істей алатын болды. Яғни, JS-пен тек сайттың клиент-жақ бөлігі ғана емес, сервер-жақ бөлігі де сапасы басқа тілдерден кем емес түрде жасалуы мүмкін болды.

2010 жылы Three.js пайда болады — браузерде 3D графика жасауға арналған жинақ. Ойындардан бастап, сәулет модельдерін жасауға арналған бағдарламаларға дейін қамтып, енді оларды компьютерге орнатпай, жай ғана керек сайттың атын браузерге енгізіп қол жеткізуге болатын заманды елестетіңдерші!

2012 жылы Johnny Five атты Node.js-ке арналған модуль күн көре бастады. Онымен Arduino микроконтроллерлерін басқаруға мүмкіндік пайда болды. Оған қоса 2014 жылдың басында Kickstarter-дің көмегімен ақша жиналып, Espruino микроконтроллері шығарыла бастады. Оның Arduino-дан айырмашылығы — Javascript оның ана тілі. Осының нәтижесінде қазір дүние жүзінде әуесқой робот жасаумен айналысатын адамдар көбейіп бара жатыр. “Мен, Робот” фильміндегі заман жақындап келе жатыр, достар!

2014 жылдың күзінде Apple компаниясы өзінің Mac OS X операциялық жүйесінің жаңа Yosemite нұсқасын жариялады. Оның басты жаңалықтарының бірі — енді жүйенің процесстерін Javascript арқылы автоматтауға болады.

Соңғы жылдардағы тілдің шапшаң дамуын бақылай отырып мынадай қорытынды жасауға болады. Javascript-тің компьютер әлемінде осындай үстемдік орнатуы — ғаламтордың және онымен ілескен JS-тің кең таралуының нәтижесі. Ал кең таралу, яғни тілдің көптеген адамдарға танымал болуы өз ретінде Javascript-пен байланысты сәтті жобалардың үлесін арттыра түсірді. Себебі оларды басқа тілдердегі жобаларға қарағанда айтарлықтай көп адам қолдады ғой.

Қазіргі уақытта ECMAScript 6, Javascript қолданатын стандарттың 6-шы нұсқасы біртіндеп енгізілуде. Бұл стандарт JS-тің алдыңғы жылдардағы кемшіліктерін жоятын жаңа синтаксисті ұсынады. Оның енгізілуімен әлемді дүрліктіретін жаңа жобаларды күтеміз.

  • +7
11 пікір
amantai
Тамаша жазылған, бір деммен оқып шықтым. Бірақ мына жерге күдігім бар:
Бұл жайт адамдар мекен-жайды қалай іздейтінін өзгертумен қатар JS-пен тығыз байланысты Ajax технологиясын ашты
Ajax технологиясын (XmlHttpRequest) Microsoft компаниясы шығарған емес па еді?
domalak
Рахмет!
Ajax-қа келсек, бұл жерде «технология» сөзінің орнына «технологиялар тобы» десе болады. Ajax терминін бірінші рет Жесси Жеймс Гаррет «Ajax: Веб бағдарламалар жасаудың жаңа әдісі» мақаласында қолданды. Содан үзінді:
Ajax технология емес. Шын айтқанда ол бірнеше технология, әрқайсысы өз бетімен дамып, қуатты жаңа түрде бірге жиналған.
Сонда XmlHttpRequest сол технологиялар тобының біреуі.
amantai
Қызық екен, XmlHttpRequest-тен басқа нәрсені білмейді екенмін :)
raimbek
Қазір io.js деген де шықты, енді node.js пен оның жол екі түрлі. Кім тірі қалатынын көреміз. Былайша, ECMAScript6 болған кезде тіл бұдан да танымал болатын шығар.
kamyrov
JavaScript-ті қолданатын тағы бір сала бар, ол трейдинг. JS арқылы роботтарды жазып, ақша табуға болады немесе ақша жоғалтуға болады)
qwerty
http://threejs.org/ тамаша кітапхана, WebGL-ді шыр айналдырасың оның көмегімен. Сайттағы мысалдардан ақ, онымен не істеуге болатыны ап айқын көрініп тұр. Бірақ сонда да js егер үлкен доба болса түсініксіз болып кететін тіл.
shainek
Қайрат Нұртас сияқты танымал болып кетті
Мен мынамен үзілді кесілді келісе алмаймын. Javascript әлем бойынша танымал, қазіргі кезде ең кең қолданылатын тіл. Github-тағы ең көп жобалар осы тілде. Демек, ол әлемге танылған тіл, ал Қайрат Нұртас Қазақстанда ғана (^_^)
domalak
Жастин Тимберлейк деп те жазуға болатын еді, бірақ мақаланы бастағанда Қайрат Нұртас ойыма келді, білмедім неге. Қазақша сирек жазам, содан шығар )))
ErKun
Бәрі әдемі, тамаша… Болашағын көрейік…
Ақпаратыңыз үшін көп рахмет!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.