Қазақша IT контент неге соншалық маңызды немесе Дивандық аналитика


Басымда жүрген шашыраңқы ойды осы жерде жинаймын деп үміттенемін… ©

Тағы бір жұмыс аптасы бітіп, еркін ойлаудың уақтысы туды. Жақсы бір белсенділікпен басталған codeo.kz сайтындағы белсенділік сөніп бара жатқанын көріп жүрмін. Оған дәлел соңғы кезде жарияланған мақалалар саны. Неге бұлай болғанын түсінбедім, ойымнан көп нәрсе өтті. Біз қазақша жақсы ресурс жасамақшы едік қой, неге бұлай басталмай жатып сөніп жатырмыз? Кейін тағы бір ой келді, мүмкін біз әлі қазақша ресурстың маңызын түсінбеген шығармыз? Сонда да өзімнен бір батылдық тауып кішкентай болса да серпін беретіндей осы мақаланы жаздым.

Қалай ойлайсыздар, жаңадан енді өсіп келе жатқан қазақ баласы IT өңіріне қалай ене алады?

Бірінші саты ол — мектеп. Қазақ мектептерінде бағдарламалық тілден Pascal, QBasic, одан басқа тілдер қарастырылады деп ойламаймын. Негізінде pascal-ға менің көзқарасым өте жақсы, бірақ келісіңіздер, оның қазіргі заманауи тілдерге ұқсастығы аздау. Менің айтып тұрғаным ол объектілі бағытталған бағдарламалау және т.б. Заманауи тілдерге ruby, java, python, c#, c++ тілдерін жатқызуға болады. Жарайды ол олимпиадаға қатысқан болсын, математикалық есептерді мықты шешсін. Бірақ… қазіргі кезде it әлемнің талаптары мүлдем бөлек. Демек көптеген қазақ жігіттері мектеп бітіру кезінде бір қадам артта болады.

Екінші саты ол — университет (колледж, институт). Көптеген жастар it-ге шынайы осы сатыда енеді. Өйткені мектептен айырмашылығы бұл мекемелерде үлкен база болады, сонымен қатар, мамандар да. Бұл жақсы, бірақ бір «бірақ» дейтін жері бар. Бұл кезеңде көптеген қазақ жастарында тілге байланысты қиындықтар шығады, олар: қазақша ресурстар аз (кейде мүлдем жоқ), қазақша оқулықтар да (өз басым көрмедім), бар ресурстар өте ескі және қазіргі кезде маңызы жоқ. Сондықтан, барлық ресурстарды орысша іздеуге тура келеді, кейде ағылшынша да. Тілді білу соншалық маңызды болып, қазақ тілі керек емес секілді болып қалады. Бұл өте маңызды, өйткені өз тіліңнің маңызын жоғалтқандай сезіну, ол өте жаман, көбірек басқа тілде сөйлей бастайсың, басқа тілді білуге көп мотивация пайда болады.

Үшінші саты — жұмыс. Бұл кезде қазақ тілі тек қана сөйлесу құралы болып қалады деуге де болады. Бұл сөзге дауласуға болады, өйткені қазақ тілін төмендетіп жатқан секілді боламыз. Бірақ, шындыққа тіке қарайық, қазақ тілінің бұл саладағы деңгейі өте төмен деуге болады. Мүмкін, басқа жерлерде олай емес те шығар. Әрине, қазақша контентпен айналысатын компанияларда қазақ тілі маңызды, бірақ, тағы қай жерде? Жұмыс процесстері орыс тілінде, құжаттар орыс тілінде. Бұны бірден өзгерту ол аңыз секілді. Өйткені оған ұзақ уақыт керек.

Сонымен, ең басты сұрақ «Не істеуге болады?». Нақты жауапты ешкім айта алмаса керек, бірақ менің өзім үшін жауабым ол «тек әрекет жасау керек». Бастағы «пайдасы жоқ», «кімге керек», «бәрібір ештеңе шықпайды» деген пікірлерді алып тастау керек. Олар біздің басымыздағы психикалық тежегіштер. Онда "қалай әрекет жасаймыз?" деген сұрақ туындайды. Жауап белгілі "қазақша ресурстарды көбейту керек". Ойша елестетіп көріңіз, қазақ баласы жоғарыдағы үш сатыны қазақша ресурстар өте көп болғанда қалай өтер еді? Сондықтан, қазақша көбірек контент жариялауға тырысу керек, басыңда бар нәрсемен әлеммен бөліс, қазір бағаланбаса кейін бағаланады. Мұнда тағы бір психикалық тежегіш бар. Мен бірнеше адамнан келесідей сөзді естідім «мен мақала жазатындай тәжірибем жоқ» басқаша айтқанда, мен әлі жаспын. Достар, ертеңгі күнді ойлайтын біздер, уақыт соншалық жылдам ол біздің өсіп тәжірибелі болуымызды күтіп тұрмайды. Қайтаға қалған әлеммен оймен бөлісіп, басқа адамдардың пікірін білу қажет. Бір жағынан мен қазір өте тәжірибелі қазақ тілді бағдарламалаушыны білмейі екенмін. Сондықтан, жауапкершілік біздің мойнымызда. Әйтеуір біреу бастауы керек қой дұрыс па? Осы бір үлкен ағыстағы кішкентай бір орныңызды түсініп оның маңызын аңғара білу керек.

Бір нәрсені ойда сақтау керек "Қазақ тілді мәліметтер өте маңызды". Бұл тілдің тағы бір тіреуі болады. Қазақ тілде жұмыс істейтін компаниялар көбейсе одан да жақсы (мен тек it саласын қарастырып жатырмын).

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

Достар, қазақша мақалалар, оқу құралдарын, ғылыми жұмыстарды жариялаңыздар. Пайда алуды емес, басқаларға пайда беруді ойлайық. Мектептерде лекциялар жүргізіп, жастарды жаңа технологиялармен таныстырудан ұялмаңыздар. Үйірмелер ашыңыздар, қазақ тілді бағдарламалайтын топтар қаншалық көп болса, соншалық жақсы. Бір бірімізді қатты сынға алайық, қазақша ресурстарды көбейтейік. Еркін ойлармен алмасайық, дөрекілікті шетке алып тастап, шынайы маңызы бар ақылдармен алмасайық. Бір жұдырық болып түйілу керек.

Аналитика қайда?

Мұнда мен көпке топырақ шашу әдісін қолдандым. Сондықтан да бұл «дивандық аналитика», мен ешқандай шынайы мәлімет келтірген жоқпын, тек өзім кездескен және өзім байқап жүрген жайттар.

Пікірлер жазыңыздар, мақалаға қарсы аргументтер келтіріңіздер, белсенді болыңыздар! Әрбір айтылған сынды қуанышпен қарсы аламын, өйткені сынға алған адамдар қаншалық көп болса, қазақ тіліне деген жаны ашитын адамдар соншалық көп.

  • +4
14 пікір
kamyrov
Жақсы мақала, сенімен келісемін Раимбек! Мен университетте оқыған кезде қазақша бейнесабақтарды жасағанда, маған достарым: «Ерлан, қайтесін, сене басқа ол сабақтарды ешкім жасамайды, оқымайды да. Қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныс жоқ» — деп мені тежеді(. Соңғы кездері бейнесабақ жасайтын уақыт та табылмай жатыр, бұйырса ойлар көп, көбейтуге тырысамын контентті. Айтпақшы, достар, арнаға жазылыңыздар: www.youtube.com/user/ErlanKamyrov
yerbol89
Жазылып қойдық. Бейне сабақтарыңды күтеміз. Алға :)
muratov91
Райымбек жақсы айттың! Өзім университетте дипломдық, диссертациялық жұмысты жазуда арнайы кітапханаға барып қазақша IT байланысты кітаптар іздедім. Шыны керек, қазақтілді материалдар ескі немесе нақты сала бойынша жоқ. Қазақша контентті өзіміз қалыптастырмасақ, шынымен сол бір ескі жартас сияқты бола береді.
yerbol89
Қазақша контент мәселесі шынымен де өзекті тақырып болып тұрғаны…
yerbol89
Райымбек рахмет. Осы жазбаны оқып отырып, менің де кішкене болса да білгеніммен бөлісіп, сайтты қайта жандандыруға тырысатын үміт силадың. Осы сен қозғап отырған тақырыпқа өзімнің ойымды білдіріп шықсам:
Ия толықтай келісемін. Мектеп табалдырығынан аттаған соң, алғаш жөн сілтеп, бағыт ұсынатын ол — мектеп қабырғасы. Бірақ оны тежейтін біршама факторлар бар.
Өкінішке орай мен өмірлік тәжрибемде біраз жағдайларды көріп жатырмын. Оның бір мысалы ана-ана.
Республткалық олимпиадада математикадан орын алып жүрген жас баланың ата-атасы компьютерде отыруына қарсы. Өз көзіммен көрдім сондай ата-ананы. Көзің ауырады деп баласын компьютерден шектеп жатыр. Болашақта ол баладан мықты программист шығатын шығар, бірақ баланың қызығушылығын шектеуде.
Екінші жағдай ол мұғалімдер. Қазіргі кезде ауылда информатика пәні мұғалімінің орнына физика, математика пәнінің мұғалімі сабақ беріп жатыр. Отырғызып қойып сонау Windows 98 ге арнайы жазылған кітаптағы ақпаратты көшіртіп қояды. Интернеттен ақпаратты ала сал, интернетте ақпарат бар деп оқытады. Бірақ ол интернет арнайы ақпарат сақтайтын орын, онда өзің ақпарат салмасаң, дайын толып тұрған ақпарат жоқ деп оқытқызбайды. Осындай секілді факторлар көптеп тізіп айтып отыра беруге болады. Бірақ бұл шешім емес. Басқа жақтарын қарастырған жөн секілді.
Қазақтар қос тілді жақсы меңгерген. Яғни қазіргі таңда менің ойымша 80-90 пайыз қазақтар орын тілін аса бір жетік білмесе де, ақпаратты тұтынуға болатындай дәрежеде біледі. Бұл дегеніміз тек қазақша контентті тұрынбай орысша контентті де тұтына алады. Осы кезде қазақша ақпарат болмаса, орысша ақпаратты іздеп тұтына береді. Ал Экономикада қолданатындай сұраныс бер жерде, ұсыныс пайда болады. Сұраныс жоқ болса, ұсыныс та жоқ. Қазіргі кезде осындай біл сала бойынша бағытталған қазақша контентке сұраныс бар деп айта алмаймын. Қазақ тілі қатты айтқанда бытовой язык деңгейінен шыға алмай жатыр. Оны мойындау керек. Бірақ қол қусырып жылаған баланың әңгімесін айтпай, еңбек ету керек. Бүгін болмаса ертең сұраныс пайда болады. Бәрі уақыт еншісінде.
Ал енді өзіме келетін болсақ. Қазақтың баласы болсам да, қазақша осындай ойы жинақы мәтін жазып, өз ойымды емін еркін жеткізе алмаймын. Яғни жалпыға ортақ түсінікті мақала жазуым өте қиын. Өзгелер былай тұрсын, өзім жазғанымды өзім түсінбей қаламын. Оның бір себебі кітап оқымағандығым деп білемін. Қазір кітап оқиын десем де, мүлдем болмайды. Кітап мен үшін еме екен. Сондықтан жазбаларым шатасып, бір ой басында, басқа ойға кетіп қалып, бастапқы ойды соңында бітіріп жатамын :)
Менде ниет болды болашақта программист болсам екен деп. Өкінішке орай олай болмай шықты. Себебі 1 курс оқып жүргенде қарапайым Паскаль тілінде бағдарлама құра алмағанымда, болды менен программист шықпайды деп қойдым. Менімен бірге бір жылы түскен группаласым болды. Өмірі компьютерде отырмай, алғаш студент болғанда компьютерге отырды. Бірақ бәрімізді басып озып, қазіргі таңда өте жақсы программист болып шыға келді. Себебі оның ойлау қабілеті басқаша еді. Сондықтан адамның да санасына бермесе қиын екен. Қазіргі таңда досым бір универдің документ оборот бағдарламасын жазып жатыр. Қазір оған қарап отырып қуанасың.
Сондықтан адамның икемі болмаса қанша кітап оқысын, көрсетсін миында алгоритмін құра алмас ақиын.

Менің де аса бір асып бара жатқан білімім жоқ. Сол өз тәжрибемде көрген, SEO туралы жазбаларды жандандырмақ ниеттемін. Енді сол ойлап отырмын, жазба жазғанда алдымен қағазға жазатын тақырыбымның жоспарын сызып аламын.
1.
2.
3. Қортынды дегендей. Осылай жазып көрейін :) Мүмкін түсінікті, қызықты жазба жазып үйреніп қалармын. Рахмет.
raimbek
Бір мақалаға татитын комментарий жазыпсың ғой )). Келісемін, егер адамның өзінің ыңғайы болмаса, қанша бұрсаң да ол саланы меңгере алмайды, менің ойлап отқаным, қазақтың мектепте жүріп бұл саланың бар екенін де немесе бұл салада не жұмыс істейтінін білмейтіндер көп. Егер солар ең болмағанда мектеп кезінен осы саламен танысса бізден де таланттар табылып Стив Джобс пен Билл Гейтс секілді адамдар шыға ма деген ой ғой.

Мектеп жастары дейміз, шынын айтайын, үлкендердің өзінен көпшілігі «программист, тестер, проект менеджер, аналитик» деген сияқты мамандықтарды бір-бірінен ажырата бермейді. Олар үшін бұл салада істейтіндердің барлығы хакерлер :).
nurzhol
Қандай тамаша жазба. Маған ұнады.
Тіл — құрал ғана. Сіздің бірнеше тіл білгеніңіз — қолыңызда бірнеше құрал бар дегені, ал оларды жақсы білсеңіз, демек ол тілдің мүмкіндігін пайдалану барысында барынша молынан пайда көресіз дегені екен. Алайда, ол тілдің қолданыс аясы, ғылыми-зерттеу салаларындағы ресурсы жеткіліксіз болса, әрине белгілі бір кедергі пайда болуына себеп екені түсінікті.

Қай тілді ортада болсаңыз да, өсіңіз, жетіліңіз, нәтиже шығарыңыз. Пайдалы мәліметті басқамен бөлісу, адамгершілік. Адамгершілігіңіз — ұлтыңызға арналсын дегеннен басқа айтар жоқ.
raimbek
«ол тілдің қолданыс аясы, ғылыми-зерттеу салаларындағы ресурсы жеткіліксіз болса, әрине белгілі бір кедергі пайда болуына себеп екені түсінікті» қазақ тілін кедергі пайда қылмайтын ету керек, ең басты мақсат осы
9v_kz
Сонымен, ең басты сұрақ «Не істеуге болады?». Нақты жауапты ешкім айта алмаса керек, бірақ менің өзім үшін жауабым ол «тек әрекет жасау керек»
Мен дәл осы сөзіңе толықтай қосыламын, кәзіргі сендердің және біздердің істеп отырғаныміз болашақта басқаларға көмегі тиетін де болар, кейде қалай пайда тауамын деп жеңіл жолдарды іздегеннен гөрі ауыр болсада сүбелі тақырыптардың қатарын толықтыра түскеніміз абзал. Райымбек сияқты жігіттердің барына ризамын. Менің ойым осы мақаланы оқыған қауым өз тәжірибелерімен күнделікті алма кезек болсада мазмұнның орнын толықтырып отырса деймін. Сайттарың құрылғалы бері 200 мақала осынша уақыттан бері масқара жағдай, қызғаныш пен жалқаулықты артқа тастау керек. Бір бірімізді демеп жүруіміз керек шығар. Бізде не қызғаныш басым не жалқаулық. Осы екі мінездің де еш пайдасы жоқ. Алдында шет ел ақпараттық құралдардан «неге адамдар білімдерін басқалармен бөлісуге құштар» деген мақала оқып қалдым, тақырыбына қараңыздар, осы тақырыпты бізге қойсақ біреулер күлетін халде тұрған сияқтымыз ғой. Сөз соңында айтарым мақалалар көп болсын деп тілеймін.
www.9v.kz әлеуметтік сұрақ жауаптар желісі.
kilyzaman
Гөгілге жалынып оның қисайтып аудармалап берген нәрселерін(орысша нұсұасы әрине) су миымның сүзгіснен өткізіп әлек болып жүруші едім… Бұл жобаны енді байқап отырмын. Тіркеліп те алдым. Енді сөзім жоқ — КЕРЕМЕТ нағыз КЕРЕК жоба!!! Ендігі жерде мен сияқты динозаврды жетелеуге ат салысыңдаршы күндерім деп ҮНДЕДІМ :-)
kilyzaman
Қуанышымды білдіремін деп отырып асығыс жазу барысында біраз қателер кетті, бір жазылған нәрсемді мың түзететін әдетіме жол берілмеді… Мейлі, ендігі жерде кейін түзермін деген әдетіме баспаспын :-)
qwerty
Қош келдіңіз )) көмегімізді аямаймыз )
kilyzaman
Аяп көріңдерші осыдан… ;-)
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.