Айбек Қуатбаев: ІТ-мамандары заман талабына сай бейімделуі керек (сұхбат)
- nurzhol
- Жобаларды басқару / 9 қараша 2017, 13:12
- 5755
Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы — жас кәсіпкер, «Бүгін Групп» компаниясының бас директоры, ІТ-маманы Айбек Қуатбаев.
— Алғашқы сауалымызды қазақ математиктерінен кімдерді айтар едіңіз деп сұрасақ және бизнеске деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
— Асқар Жұмаділдаев ағаны исі қазақ біледі. І курста еліміздің жас ғалымы, математик Дөрбетхан Сұраған, жанында Болыс Сәбитбек деген жігіттер болды. Болыс қазір АҚШ-та оқып жатыр, Дөрбетхан Нью-Йоркте оқып келді. Сосын Нұрғиса деген тағы бір жігіт болды. Империал Колледж деген Лондонның атақты университетінде білім алып жатыр. Бұлар математиканың соңына түскен таланттар. Өзім екінші курстың соңына қарай бизнеске қызыға бастадым.
— Студент кезіңізде АҚШ-қа барып қайтыпсыз. Ол жақтан түйгеніңіз қандай?
— Иә, екінші курстан соң Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-қа барып қайттым. Ол жаққа барған соң, айналама зер сала қарай бастадым. Әлемде қатты байып, кейін кедей болып қалған, кедей болып өмір сүріп жүріп, кенет байып кеткен адамдар және әлеуеті тұрақты адамдар көп. Түсінгенім, адамдар жұмысты ақша үшін істемейді екен. Олар нарықта бар дүниені қалайша одан да жақсы, әдемі, ыңғайлы етіп жасаймын деп бас қатырады. Ақшаға қатты мұқтаж болса, аз пайызбен несие ала салады екен. Зәулім үйде тұрғысы келсе, қолжетімді ипотека рәсімдей салады. Инфляция өте төмен және 1-3% ғана.
— Бұған дейін бірнеше жыл бұрын бизнесімді IPO-ға шығарсам деген сұхбатыңыз шыққан. Қазір ол туралы не айтасыз?
— Иә, «7 күнге» (http://7kun.kz сайты — ред.) 2 жыл бұрын берген сұхбатым болатын. Шыны керек, қазір сайттан алшақ кеттік. Соңғы интернет жобаларымыздың бірі «Егемен Қазақстан» газетінің порталын жаңарту болды. Тұтынушылар өздері бізді іздеп келеді. Өзімізді жарнамалау жағына аса көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Алған бағытымыз қазір hard soft (құралдарды бағдарламалау) саласы. Мәселен, қазір көлік жолдарындағы жылдамдық, stop-сызықтарды анықтайтын бақылау камераларын өндіруші ірі компаниялары Қазақстан, Ресей, Венгрия, Қытайда бар. Камера құны 1 000 000 теңге тұрса, оған бағдарламасын қосып, Қазақстанға шетелдік компаниялар 5 000 000 теңгеге сатады. Біз осы жұмыстарды өз қолымызға алдық. Амал жоқ, корпусын, темір-терсектерін сырттан сатып аламыз. Себебі бізде темір-терсек өндіретін салалық компания жоқ. Өзіміз өндірейік десек, қымбатқа шығады. Негізінен кез келген құрылғыға бағдарламалық жүйе жасауға бейімделдік. Сонымен қатар, банктік жүйелердің бағдарламасын да әзірлей аламыз.
Қазіргі жобаларымыздың қаржылай айналымы 10 000 000 $ болды. Жартысынан көбі темір-терсек сатып алуға және қалғаны бағдарламалық жүйелер әзірлеуге кетеді.
— Бумеранг жобасы дегеніміз не?
— Беспилотник дрон құрастырғымыз келеді. Жұмыс істеу принципі келесідей: дронды ұшырасыз, жіберген жеріңізге барып, қайтып келеді. Ұшу бағытын Яндекс Карта, Google Карта координаталарымен белгілейсіз. Бұл — шекара қызметіне, құрылыс компанияларына, жол салушы компанияларына, ауылшаруашылық саласына қажет құрал. Әзірге дәл қай уақытта істеп бітетініміз белгісіз және келесі жылы халықаралық «Kadex» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүліктер көрмесіне прототипін көрсетпек ниетіміз бар. Жобаның әрі қарайғы тағдыры белгісіз, бұл — энтузиазммен істеліп жатқан жоба.
— Еліміздің нарығында шетелдік IT-компаниялардың келтіріп жатқан ыңғайсыздықтары бар ма?
— Иә, біздің нарықта шетелдің компаниялары көп. Біз олармен, керісінше, серіктестік орнатып жұмыс істеудеміз. Мысалы, ол компаниялар өздеріне тиесілі жұмысты істеген соң, біздің компанияға тиесілі істерді бізге тапсырады. Сәйкесінше біз істей алатын жұмысты өзіміз істеп, шамамыз жетпегенін оларға береміз. Осылай жұмыс істеу арқылы біз шетелдік компанияларға төтеп бере аламыз және өзімізге пайда әкеле аламыз. Оларды тоқтату өте қиын, себебі елімізде маманданған IT-компаниялар өте аз.
— ІТ-саласының басқа елдерде дамуы қалай?
— ЖІӨ 20% Қазақстанда мұнайға тиесілі болса, Украинада ІТ-саласына тиесілі.
Өткен жолы екі жігітіміз Украинаға барып қайтты. Ол жақта 40 жасқа келген адамдардың өзі IT-саласына бет бұрып жатыр екен. Олардың жері қазба байлыққа толы емес, шикізаттары бізбен салыстырғанда аз. Сондықтан олар үшін табыс табудың қолжетімді және ыңғайлы жолы — IT. Біз комьюнити ұйымдастыруды қолға алудамыз. Украинада комьюнитилер жақсы дамыған. Яғни, білімдері мен тәжірибелерін өзара бөлісу, көмектесу жағы жақсы жолға қойылған. Бір-біріне өте жақсы көмектеседі. Білгенін жасырып қалу, айтпай, көмектеспей қою деген оларда жоқ. Посткеңестік елдердің арасында Украина мен Белоруссияның IT-саласы қарқынды дамуда. Ал Ресейге келер болсақ, олардың ЖІӨ жоғары көрсеткішке ие, мұнай-газ, тау-кен және басқа да ауыр және жеңіл өнеркәсіптердің сұранысының арқасында жақсы дамып жатыр.
Біздің нарықтағы шетелдік компаниялар бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ және нарығымызда әлі игерілмеген, сұранысқа ие табысты бағыттар көп, оларда бәсекелестер аз. Сондықтан әзірге шетелдік компаниялар отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті болуын шыңдайды және серіктестік мақсаттағы тәжірибе алмасу арқылы біліктіліктерін арттырады.
— Қазіргі таңда елімізде ІТ-саласын таңдаған жастар көп және көбі өз саласында жұмыс істемейді. Істейтіндердің өзі салыстырмалы түрде шетелдік ІТ-мамандарынан әлдеқайда төмен жалақы алады екен. Себебі неде деп ойлайсыз?
— Иә, өте орынды сұрақ. Еліміздегі ІТ-мамандары бізге көп сияқты көрінгенімен, салыстырмалы түрде жоғарыдағы аталған елдерден саны аз екен. Себебі оларда әрбір бесінші адам ІТ-ға қызығады. Сондықтан олардың ЖІӨ 20% ІТ саласына тиесілі. Біздің мамандар басын бастайды, толығымен тереңдеп игеретіндері аз. Сөйтіп, жұмыс жоқ деп қарап отырады. Мысалы, біздің компанияда жүйелік аналитик, жоба менеджері, аналитик, инженер сияқты ашық 3-4 жұмыс орны бар. Бұл мамандарды 3 айдан бері іздеп жатырмыз. Яғни, жұмыс берушілердің талаптары тереңдеп бара жатыр, ал жұмыс іздеушілердің көбі біліктілігін арттырмай, тоқтап тұр. Менің ойымша, жұмыс іздеушілер қазір қай компанияға қандай мамандықтар жетіспейді, соларды зерттеп, сол бағытты меңгеру керек сияқты. Өздеріңіз білесіздер, қарапайым компьютер ғана жөндеп, бірнеше редакторлық бағдарламамен жұмыс істеп көріп, «программистпін» деп айтатындар бар. Альберт деген таныс ағылшын ІТ-маманының: «ІТ-маман қандай программалау тілін меңгергені маңызды емес. Олар музыкант сияқты, бастысы есту қабілеті жақсы болса, кез келген музыкалық құралда ойнап кете алады екен». Сол сияқты, икемділік керек. Жалпы жас буынға, ІТ-саласына бет бұрып жатқан мамандарға айтарым, нарықта қандай талаптар қойылып жатыр, не нәрсеге сұраныс бар соны жылдам меңгеріп, сұранысқа ие маман болуға болады. Елімізде ІТ-компанияларының саны артып келеді, соған байланысты мамандарға да сұраныс арта түсуде.
— Big Data, әлеуметтік инженерия туралы, жасанды интеллект туралы не айта аласыз?
— Қазіргі таңда жасанды интеллект, Big Data салалары әлемдік драйвер бола алады. Мәселен, кезінде Жібек жолы, қазір мұнай салалары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Дәл мұнай саласының орнын баспаса да, адамзат өміріне қажетті бір сала болары анық. Big Data күннен-күнге өсіп келе жатыр. Себебі адамдардың ақпарат алмасуы бұған себеп. Жиналған ақпаратты machine learning-ке салып, мәліметті адамзат игілігіне де, адамзатқа қарсы мақсатқа да іске асыруға болады.
— Елімізде ІТ-саласы бойынша қай бағыттар әлі де жетілдіру мен толықтыруларды қажет етеді деп ойлайсыз?
— Біздегі мемлекеттік органдардың өзара құжат, хат алмасу мүмкіндіктері әлі де толық дұрыс жолға қойылмай келеді. Басты себебі, меніңше, реформалардың жиі істеліп, бір үлкен жұмыстың соңына дейін аяқтала алмай қалуы себеп сияқты. Екіншіден, банк саласындағы cyber security жүйелері жақсы дамымаған, әлі де болса олқылықтары бар. Үшіншіден, жасанды интеллект саласы. Осыны көптеген кәсіпкерлер маркетинг саласында пайдаланғысы келеді.
Бізге түркі, ислам елдері арасындағы ІТ-нарықта бәсекеге шығуға болады екен. Сонымен қатар, жақында Катар мемлекетін зерттедік. Ол елдің бір қызығы, Израиль мемлекетімен жұмыс істегісі келмейді. Екіншіден, ол елде жергілікті ІТ-компаниялары өте аз. Үшіншіден, ол елдің билік тарапы жергілікті компанияларына сыртқы нарыққа жұмыс істеуге дұрыс жағдай жасай қоймаған. Көп араб елдерінің ІТ-нарығын үндістандықтар қамтамасыз етеді. Сондықтан біз де ол елдерге өз қызметімізді, өнімдерімізді шығара аламыз деп ойлаймын.
— Сөз барысында Украинаның ЖІӨ 20% ІТ-саласы қамтамасыз етеді дедіңіз. Қалай ойлайсыз, біздің елдегі ІТ-саласы осындай жетістікке жете ала ма?
— Еліміздің экономикасының 5 негізгі драйвер саласы бар. Олар: құрылыс, транспорт, агроөнім, өнеркәсіптік өндіріс, қызмет түрлері. Қазақстанда ЖІӨ 4%-дан 5%-ға өсті. Шамамен 160 млрд. доллар болса, яғни ол 9 млрд. долларға тең. Қазақстанда ІТ-саласы драйвер болуы қиын, себебі біздің ІТ-компаниялар шетелдерден қаржы әкелулері керек. Өкінішке орай, біздің ІТ-компаниялар сыртқы нарықты қойғанда, ішкі нарықтың өзін қанағаттандыра алмай келеді. Әрине, болашаққа позитивті көзқарастамын, ал қазір ЖІӨ-дегі көрсеткіштің елеулі бөлігі ІТ-саласына тиесілі болады деу қиын.
— Жоғарыда айтқан 5 драйвер салаға ІТ-саласын сүйемелдесек, ІТ-саласының қаржы айналымын қаншалықты жоғарылатуға болады?
— Әрине, бұл жағдайда ІТ-саласының қаржылай үлесі жоғарылай түседі. ІТ-саласы жалпы кез келген жұмысты оңтайландыратын, оны оптимизациялап ыңғайлы әрі жеңілдете түседі. Соның есебінен ЖІӨ өсе алады. Көлік саласына әлі де жаңа технологияны енгізіп, жүргізушілерге барынша ыңғайлы етуге болады. Ауылшаруашылық саласына жаңа технологияны енгізіп, басқаруды оңтайландырып және өнімділікті арттыруға болады. Жеріміз үлкен, оны бақылау, қадағалау, өсімдіктердің дұрыс өсуі бар, оны әрі қарай дамытуы бар, барлығына ІТ-технология қажет. Мысалы, Латвияда Big Data пайдаланатын бір ІТ-жоба бар екен. Олар әртүрлі жерлерге датчиктер орнатып, соның есебінен жер туралы түрлі мәлімет жинайды. Қай жер құнарлы, климаттық ақпарат, қай жерге қандай өсімдік өсіру қолайлы сияқты мәліметті фермерлерге сатады. Ондай мәліметті сатып алған фермерлер мол пайдаға кенеледі. Міне, осындай өнім істеуімізге болады. Кең жеріміздің егістік картасын істесек, қай өңірге не егу тиімді екені туралы мәлімет алуға болады, кәсіп істегісі келген адамдарға бағыт, еліміздің қазынасына кіріс әкелуге болады. Сөйтіп, 5 драйвер саланың жұмысын алға жылжытып, сыртқы нарыққа шығып ЖІӨ көтеруге болады.
— Еліміздің ІТ-мамандары шетелдік ІТ-компанияларда жұмыс істеуге қаншалықты лайық деңгейде?
— Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан мықты ІТ-мамандар бар. Бұған әлі де кінәлі біздің ІТ-компанияларымыз деп ойлаймын. Олармен әлі де мықты жобалар істеп шығаруға болар еді. Герман Грефше айтқанда, «миды экспорттап» жатырмыз. Әлемдік математика, физика, информатика пәндерінен олимпиада, ғылыми жобалар бойынша мектеп оқушыларымыз ТОП-30-ға кіреді. Бұл — үлкен жетістік. Яғни, елімізде ІТ-жүйесі дұрыс құрылмаған. Бұған мүмкін уақыт керек, мүмкін мемлекет тарапынан қолдау керек. Елімізден әлемге әйгілі бір компания шығатын болса, шетелдегі мамандарымыз қайтып келеді деп ойлаймын. Әлемнің 10 мықты Google, Microsoft, Amazon сияқты т.б. ІТ-компанияларын алып қарасақ, барлығында қазақ жігіттері жұмыс істейді. Бұл біздің мамандарымыз шетелдік үздік мамандармен бірігіп, бір деңгейде жұмыс істей алатындығын дәлелдейді.
— Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін. Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан — Нұржол Табиғат
Қазақстан-ZAMAN газеті, №45 (1174), 9-қараша
http://kazakhstanzaman.kz/new/2017/11/09/айбек-қуатбаев-іт-мамандары-заман-тал/
-
+3