Жүйелік администратор күні!

Барша жүйелік администраторларды мейрамдарымен құттықтаймын!

Шілде айының соңғы жұмасы. Бұл күн әлемде жүйелік администраторлар (немесе жүйелік әкімші, қысқасы, System Administrator) күні ретінде атап өтіледі. Интернетте қамсыз отырып мәлімет алмасып, әлеуметтік желіде үздіксіз пікірталас жүргізіп, ютубтан сағаттап видео қарай алуымызда осы кісілердің үлесі зор :).



Орташа, ірі ұйымдардың барлығында ондаған, жүздеген компьютерлер бар. Оларға қоса принтерлер, басқа да түрлі құрылғылар. Бірақ осындай машиналар паркін дұрыс жұмыс жасауын қамтамасыз ету оңай жұмыс емес. Алдымен желіні дұрыс ұйымдастыру, интернетті қосу, принтерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздікті қамсыздандыру, серверлердің күндіз-түні жұмыс жасауын қамтамасыз ету және т.б. Осының барлығы жүйелік администратор қолында.



Жүйелік администратор стереотип бейнеде сақалы өскен, футболка немесе свитер киген, түсі кете бастаған джинсиде жүретін адам. Ол барлығын істей алуы керек, операциялық жүйені орнатудан бастап мироволновка мен үтікті жөндей алуға дейін. Ол кейбіреулер үшін сиқыршы, біреулер үшін жалқау, біреулер үшін жұмыста ештеңе істемей жай отыратын адам.



Әрине, келтірілген стереотиптердің сынатын уақыты әлдеқашан келіп жеткен. Мамандық қаржылық жағынан да сұраныс жағынан да қызықтырарлық. Ең бастысы көптеген жүйелік администраторлар не үшін бұл мамандыққа келгенін, не істегісі келетінін жақсы біледі. Әлі күнге дейін байқаусызда осы мамандыққа келіп қалдым деген жүйелік администратор көрмеппін. Барлығы да операциялық жүйеге қызығып не басқа жүйелерге деп басталған қызығушылықтарынан осы мамандыққа келген.



Мейрамның “әкесі” 20 жылдық жүйелік администратор тәжірибесі бар Тед Кекатос. Ол жүйелік администраторлар жылына бір күн болса да пайдаланушылардан алғыс алуы керек деп есептеп, бір күні маман иелеріне мейрам ұйымдастыруға бел буған. Осылай алғаш рет 2000 жылдың 28 шілдесінде кішігірім мейрам өткізілген. Сол кезден бері осы күн әлемдік деңгейде “Жүйелік администраторлар күні” деп бекітіліп қалды.

Қалай дегенмен де, жүйелік администраторлардың жұмысы маңызды, оны бағалау керек. Жүйелік администраторыңызды мейрамымен құттықтап қойыңыз :)

  • +3
0 пікір
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.